Қытайлық инвесторлар Шымкенттегі құқық қорғау органдарының әрекетіне наразы

Қытайлық инвесторлар Шымкенттегі құқық қорғау органдарының әрекетіне наразы
vera.kz

Қытайлық инвесторлар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды сұрап отыр. Олар Шымкенттегі «Синь Юань Стиль» ЖШС аумағында болған полиция әрекеттерінен кейін кәсіпорын жұмысы тоқтап, ірі инвестициялық жоба қауіпке ұшырағанын мәлімдеді. Кәсіпкерлер қала әкімдігін кәсіпорын жұмысына кедергі келтірді деп күдіктенуде, деп хабарлайды ult.kz vera.kz сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлердің айтуынша, 6 мамыр күні Шымкент қалалық полиция департаментінің ҰБОП қызметкерлері зауыт аумағына кіріп, Қытайдың 80 азаматын ұстаған. Соның салдарынан өндіріс уақытша тоқтап, индукциялық пештер, газ қондырғылары мен өндірістік желілер бақылаусыз қалған. Зауыт иелері мұның кәсіпорынға айтарлықтай шығын келтіргенін айтады.

Полиция департаменті тексеру «102» арнасына түскен хабарлама негізінде жүргізілгенін мәлімдеді. Ақпаратта шетел азаматы заңсыз ұсталып отыр делінгенімен, бұл дерек расталмаған. Алайда тексеру барысында Қазақстанда заңды түрде жүргенін растайтын құжаттары жоқ шетел азаматтары анықталған.

«Құжаттары болмаған азаматтар жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Барлық шаралар қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес жүргізілді», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Зауыт иелерінің мәліметінше, ұсталғандардың арасында кәсіпорынға 30 млн доллар инвестиция салуды жоспарлаған екі қытайлық инвестор да болған. Олардың бірі Қазақстанға визасыз режим арқылы келгенін, алайда полиция төлқұжатын алып қойғанын айтқан.

«Біз “Бір белдеу – бір жол” бағдарламасы аясында Қазақстанға инвестиция салуға келдік. Бірақ болған жағдай басқа инвесторларға да кері әсер етуі мүмкін», – деді инвесторлардың бірі.

Тағы бір кәсіпкер Оон Ченнің айтуынша, оның С-5 инвесторлық визасы болғанына қарамастан, бірнеше күн арнайы қабылдау орнында ұсталып, құжаттары қайтарылмаған.

Кәсіпкерлер бұл оқиғаның әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін айтып, полиция «үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет етті» деп күмән келтіруде. Олар тергеу жүргізіп, зауыт жұмысының уақытша тоқтауына кінәлі тұлғаларды анықтауды сұрады.

Ал полиция өкілдері барлық жедел іс-шаралар заң аясында өткенін және инвесторлардың қамауға алынғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта ұсталған қызметкерлер босатылғанымен, зауыт иелері кей азаматтардың құжаттары әлі толық қайтарылмағанын айтады.