Қытайды дүрліктірген «Дельфин» тайфуны: 1300 рейс тоқтады

Қытайды дүрліктірген «Дельфин» тайфуны: 1300 рейс тоқтады
Фото: ашық дереккөзден алынды.

Қытайдың шығыс жағалауына қуатты «Дельфин» (Dolphin) тайфуны соққы берді. 9 тамызда Чжэцзян провинциясына жеткен табиғи апат нөсер жауын мен қатты жел әкеліп, су тасқыны мен көшкін қаупін күшейтті. Жағалауға шыққан сәтте желдің жылдамдығы сағатына шамамен 151 шақырымға жеткен, деп хабарлайды ult.kz.

Тайфун көлік қатынасына да айтарлықтай әсер етті. Шанхайдың Хунцяо және Пудун әуежайларында 1300-ден астам рейс тоқтатылды. Паромдар мен туристік кемелердің қозғалысына шектеу қойылып, кейбір теміржол және қалалық көлік бағыттарының жұмысы бұзылды. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қытайдың шығысындағы қауіпті аудандардан бір миллионнан астам тұрғын эвакуацияланғаны хабарланды. Чжэцзян, Фуцзянь, Шанхай және басқа өңірлерде төтенше жағдай қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

Шанхайда нөсер салдарынан бірқатар аудан су астында қалып, көшелердегі су деңгейі күрт көтерілді. Кей жерлерде тәуліктік жауын-шашын мөлшері рекордтық көрсеткішке жеткен. Тайфун құрлыққа шыққаннан кейін әлсірегенімен, мамандар нөсер жауынның жалғасуына байланысты өзендердің тасуы мен жер көшкіні қаупі әлі де жоғары екенін ескертті.

«Дельфин» 2026 жылы Қытай аумағына соққы берген ең қуатты тропикалық циклондардың біріне айналды. Тайфун Қытайға жеткенге дейін Жапонияның Окинава аймағына әсер етіп, электр желілеріне зақым келтірген. Оның ықпалы Тайвань мен Филиппинде де сезілді. 

Қытай билігі тұрғындарға ауа райы туралы ресми ескертулерді бақылап, су басу және көшкін қаупі бар аудандарға бармауға кеңес беріп отыр.