Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайда қамауда отырғанына он жылдан асты. Ол 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен есірткі табылғаннан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Осы уақыт ішінде оның ісі қоғам назарынан түскен емес, деп хабарлайды ult.kz.
Қытайда қалай ұсталды?
Kznews.kz сайтының жазуынша, Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы педагогикалық жоғары оқу орнына түсіп, студент кезінде Қытайдан киім тасып сатумен айналысқан таныстарының ықпалымен бұл кәсіпке қызығушылық танытады.

2014 жылдың наурызында ол алғаш рет Қытайға барған. Біраз уақыттан кейін жақындарымен байланысы үзілген. Кейін оның Гуанчжоу халықаралық әуежайында ұсталғаны белгілі болды.
Тергеу материалдарына сәйкес, кеден қызметкерлері Ақжарқын алып жүрген чемоданнан шамамен 4,5 келі амфетамин тәркілеген. Осыдан кейін оған есірткі контрабандасы бойынша айып тағылды.
Қорғаушылар не дейді?
Қытай соты қазақстандық азаматты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда Ақжарқын өзіне тағылған айыпты ешқашан мойындаған емес.
Қорғаушы тараптың мәліметінше, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна одан Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды жеткізіп беруді өтінген. Адвокаттардың пікірінше, Ақжарқын жүктің ішінде есірткі болғанын білмеген және халықаралық есірткі тобының құрбаны болуы мүмкін.
Оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов та бірнеше мәрте студенттің алданғанын айтып, істі қайта қарау қажеттігін көтерген.

Ақжарқынды Қазақстанға қайтару мүмкін бе?
Ақжарқынның қамауда отырған жылдары оның отбасы да ауыр кезеңді бастан өткерді. Анасының айтуынша, қызын қорғау үшін қажетті шығындарды өтеу мақсатында отбасы қолындағы мүлкін сатуға мәжбүр болған.
Түрмеде жүрген жылдары Ақжарқын қытай тілін меңгеріп, йога және ағылшын тілі бойынша сабақтар өткізгені туралы ақпарат тараған.
Қазақстан билігі мен дипломатиялық өкілдіктері оны елге қайтару мәселесін бірнеше рет көтерді. Дегенмен Қытай тарапы өмір бойына сотталған азаматты Қазақстанға беру мәселесіне әзірге келісім берген жоқ. Сондықтан Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры әлі де екі ел арасындағы құқықтық және дипломатиялық келіссөздердің күн тәртібінде қалып отыр.
