«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы: Қазақстанда жаңа орфографиялық сөздік әзірленеді

«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы: Қазақстанда жаңа орфографиялық сөздік әзірленеді
tilalemi.kz

Қазақстанда қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігі әзірленеді. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин ғалымдармен кездесуден кейін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Қариннің айтуынша, «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты пікірталас тіл мамандары мен әдеби ортадан асып, мемлекеттік аппараттың жұмысына да әсер етеді. Себебі қазақ тілі кеңсе тіліне айналып келеді.

«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты», – деді ол.

Вице-президент мемлекет белгілі бір сөздің қалай жазылатынына араласпайтынын атап өтті. Бұл – тіл мамандары мен ғалымдардың міндеті. Ал мемлекеттің міндеті – осы жұмысты тиімді үйлестіру.

Осыған байланысты тіл саясатын жүргізетін мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдар бас қосып, жаңа Орфографиялық сөздік әзірлеу туралы шешім қабылдаған.

Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, сөздік жобасын дайындайды. Кейін еңбек мекемеаралық комиссияның қарауына ұсынылып, бекітіледі.

Қариннің мәліметінше, қазақ тілінің Орфографиялық сөздігі соңғы рет 2013 жылы жарық көрген. Содан бері тіл қолданысына көптеген жаңа сөздер енген.

«Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», – деді вице-президент.