Астанада полиция қызметкерлері заңсыз жұмыс істеген ет өңдеу цехын анықтап, шығу тегі белгісіз 3 тоннадан астам қауіпті ет өнімін тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Заңсыз өндіріс орны елордада жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында жеке тұрғын үйлердің бірінен анықталған.
Тексеру кезінде цехтың ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені белгілі болды. Мамандардың айтуынша, бұл өнімдер кез келген уақытта саудаға шығарылып, тұтынушыларға сатылуы мүмкін болған.
Тексеру барысында шығу тегі мен сапасы белгісіз 3 тоннадан астам ет өнімі табылды. Сонымен қатар өнімдердің санитариялық талаптар өрескел бұзыла отырып өндіріліп, сақталғаны анықталды. Атап айтқанда, температуралық режим сақталмаған, ал ет антисанитариялық жағдайда сақталған.
Мамандар өнімнің бір бөлігінде бұзылудың айқын белгілерін анықтады. Еттен өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбындар қаптап кеткен және тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін өзге де белгілер болған.
Жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша қауіпті өнімнің барлығы жойылды. Ал заңсыз цехтың иелері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.