Астанада құрылыс нысанынан құрал-саймандарды ұрлады деген күдікпен 30 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, күдіктіні Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында анықтаған.
Тергеу мәліметінше, күдікті аталған құрылыс нысанында жұмысшы болып еңбек еткен. Ол жұмыс барысында құрылысқа қажетті құрал-саймандарды жасырын түрде алып кеткен. Кейін қылмысын жасаған соң жұмысқа шықпай қойған.
Полицияның мәліметінше, ұрланған құралдардың бір бөлігін сатып, түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Келтірілген материалдық шығын көлемі 700 мың теңгеге жуық.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сеніп тапсырылған мүлікке жауапкершілікпен қарауға және заңсыз әрекеттерге бармауға шақырды.