Семейдегі бұрынғы "Пищевик" стадионының аумағынан табылған адам сүйектеріне қатысты жаңа болжам айтылды. Қала тұрғыны қаңқа қалдықтары сегіз жыл бұрын із-түзсіз жоғалған әкесіне тиесілі болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz kznews.kz сайтына сілтеп.
Бірнеше күн бұрын салынып жатқан Жекпе-жек сарайының аумағында жер қазу жұмыстары кезінде адам қаңқасының бөліктері табылған. Осыған байланысты нысандағы құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Меруерт Нүриденованың айтуынша, әкесі жоғалар алдында бұрынғы стадионда күзетші болып жұмыс істеген. Ол кезекті жұмыс ауысымдарының бірінен кейін үйіне оралмай, содан бері хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған.
Стадион аумағынан адам сүйектері табылғанын естіген отбасы олардың жоғалған туысына тиесілі болуы мүмкін деп күдіктенген.
"Сүйектер сол жерден табылғаннан кейін, әкеміздің де осы аумақта жоғалғанын ескеріп, күмән пайда болды. Енді сараптама қорытындысын күтеміз. Бізге бір-екі айдан кейін хабарласуды айтты", – деді Меруерт Нүриденова.
Әзірге табылған сүйектердің сегіз жыл бұрын жоғалған азаматқа тиесілі екені расталған жоқ. Қаңқа қалдықтары олардың шығу тегін және шамамен қашан жерленгенін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Семей қалалық Полиция басқармасының өкілі Саят Сартов зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін ғана нақты қорытынды жасауға болатынын айтты.
Полиция өкілдері адам сүйектеріне немесе басқа да күмәнді заттарға тап болған азаматтарды дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды. Мамандар келгенге дейін табылған заттарды орнынан қозғауға немесе өз бетінше қандай да бір әрекет жасауға болмайды.