Құлжадағы Қазаншы: Көне тарих пен қонақжайлық мекені

Құлжадағы Қазаншы: Көне тарих пен қонақжайлық мекені
ult.kz

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Құлжа (Инин) қаласында Қазаншы деген қалашық бар. Сәулеті көз тартатын көне қалашық этникалық алуантүрлілігімен де ерекшеленеді.

Қазаншыда ханьдар, ұйғырлар, қазақтар, хуэйлер, сиболар, өзбектер және басқа да этнос өкілдері қоян-қолтық араласып тұрады.

Ақ дастархан мен атадан балаға мұра болған үй

Қазақстаннан барған журналистермен бірге ult.kz тілшісіне Қазаншыдағы Әбдінәби Қасым есімді тұрғынның үйінен дәм тату бұйырыпты.

Фото: ult.kz

73 жастағы Әбдінәби Қасым ұйғыр ұлтының өкілі. Қазаншыда туып өскен, ағайын-бауырлары да осында тұрады екен. Бұрын көлік саймандарын сатумен айналысқан, қазір зейнетте. Екі баласы, немерелері бар. Қызы Үрімжіде қызмет істейді, ал ұлы мен келіні қара шаңырақта, үйде.

«Бұл үй 130 жыл бұрын салынған. Менің атамнан әкеме, әкемнен маған мұра болып қалған, енді мен өз балама мирас етемін. Тіпті мына аулада жайқалып тұрған жүзім ағаштарының өзіне жетпіс жыл болған», – деп аулаға сая беріп, сән беріп тұрған жүзім ағашын көрсетті Әбдінәби аға.

Фото: ult.kz

Жинақы, кең аулаға үй иесі жайқалтып дастархан жайып қойыпты. 

«Біздің дәстүріміздің негізгісі – қонақжайлық», – деді сұқбаттасымыз.

Дастархандағы тағамдардың барлығы үй иелерінің өз қолынан шыққан. Жеміс-жидектің түр-түрі, дәстүрлі ұйғыр наны мен тәттілері, кептірілген жемістер мен сүт тағамдары тіл үйіреді. Тіпті қазақстандық қонақтарға қожайын өз қолымен дайындаған балмұздақ ұсынды.

Балмұздақтан қазақтың ірімшігі мен балқаймағының бәмі шығады. «Таныс та, бейтаныс дәм» дестік біз таңдай қағып.

Үйдің іші-сырты түрлі түстерге боялған, есік-терезе жиектері әдемі өрнектелген ерекше сәнді. Тіпті қарасаң көзің қуанады екен.

Фото: ult.kz

Үйдің барлық жеріне кілем төселген. Тапшан салынған бөлме де бар. Бір бұрышта келіннің жасауымен келген көрпе-жастықтары тұр.

Әбдінәби Қасымның айтуынша Қазаншының ұйғырларында келін түсіру дәстүрлері қазақтікіне ұқсайды. 

Фото: ult.kz

Әбдінәби ағаның үйі сияқты көне үйлерді Қазаншыда өз бетіңше сүруге немесе өзгеше жөндеу жұмыстарын жасауға болмайды. Ол үшін ресми орыннан арнайы рұқсат қағаз алу керек.

Фото: ult.kz

Іле көне қалашығының жалпы аумағы шамамен 3,45 шаршы шақырымды, ал негізгі туристік аймағы 1,3 шаршы шақырымды құрайды. Мұнда 300-ден астам дәстүрлі ғимарат, өзіндік ерекшелігі бар 6800-ден астам тұрғын үй ауласы сақталған. Қалашықта шамамен 120 мың адам тұрақты тұрады. 

Фото: ult.kz

Көшелермен серуендей жүріп, бір-біріне жақын орналасқан қолөнер дүкендерін кездестіруге болады. Мұнда ұлттық музыкалық аспаптар, былғары бұйымдар, кесте және қыштан жасалған заттар ұсынылады. Мұның бәрі – Іле көне қаласының бүгінге жеткен мәдени мұрасы.

Қазаншы сәулетінің ғажабы: 270 жыл бұрын салынған мешіт

Қазақстандық журналистердің келесі ат басын бұрған жері – 270 жыл бұрын салынған Құлжа қаласындағы Шэньси үлкен мешіті болды. 

Мешітті бізге Хасан имам таныстырды.

Имамның айтуынша, Шэньси үлкен мешіті 1751 жылы (Цин әулеті тұсындағы Цяньлун патшалығының 16-жылы) салынған. 
1999 жылдың шілдесінде мешіт автономиялық аудан деңгейіндегі мәдени және тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілсе, 2013 жылдың мамырында мемлекеттік деңгейдегі мәдени және тарихи ескерткіштер тізіміне енді. Мешіттің жалпы аумағы 7300 шаршы метрді құрайды.

Фото: ult.kz

Мешіттің ерекшелігі – ғимаратты салуға бір де бір шеге қолданылмаған.

Мешіттің басты намаз залының аумағы 2100 шаршы метр. Екі қабаттан тұрады. Мұнда мұсылмандар күн сайын бес уақыт намазын, жұма намазын және екі негізгі ислам мерекесіндегі айт намаздарын оқиды. Зал бір мезетте 2000-нан астам адамды қабылдай алады.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz

Намаз залының жоғарғы қабатының аумағы 1000 шаршы метр. Ол да күнделікті, жұма және мерекелік намаздарға пайдаланылады. Мұнда 1000-нан астам адам сыяды.

Фото: ult.kz

Намаз залы 2010 жылы қайта жаңғыртылған. Мемлекеттік қаржыландыру есебінен мешітке кондиционерлер, электронды ақпараттық экрандар, жеке заттарды сақтайтын шкафтар, бахилге арналған автоматтар, су салқындатқыштар, орындықтар, алғашқы медициналық көмек қобдишалары және басқа да қажетті жабдықтар орнатылған.

Фото: ult.kz
Мешіттің 900 шаршы метрлік әкімшілік-шаруашылық корпусы бар. Ғимараттың негізгі бөлігі діни қызметкерлердің кеңселері ретінде пайдаланылады, ал кейбір бөлмелері жалға беріледі.

«Жалға беруден түсетін қаржы мешіттің күнделікті шығындарын – су, электр энергиясы, жылу және басқа да қажеттіліктерді өтеуге жұмсалады. Бұл мешіттің өзін-өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», – деді Хасан имам.

Мешітте аумағы 110 шаршы метр болатын оқу залы бар. Кітап қорында 2000-нан астам кітап жинақталған.

Қорда көркем әдебиетпен қатар ғылыми-көпшілік, құқықтық, еңбек және тұрмыстық әл-ауқатқа қатысты әдебиеттер бар. Оқу залы жамағатқа білім алып, еңбек пен күнделікті өмірге қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін орта ретінде қызмет етеді.

Фото: ult.kz

Мешітте дәрет алуға арналған арнайы орынның аумағы 327 шаршы метр. Мұнда бір мезетте 40 адамға дейін кіші дәрет (дәрет) және толық жуыну рәсімін (ғұсыл) жасауға мүмкіндік бар.

Біз мешіттен шыққанда жергілікті жамағат жұма намазына келіп жатты. Келушілердің қатарында әр түрлі ұлт өкілдерінен жасы да, қариялары да бар көрінді. Біз олардың ниетін Алла қабыл етуін тілеп, кетіп қалдық.

Балжан Жеңісқызы