«Құдай сақтасын, бетін аулақ»: Мөлдір Әуелбекованың жазбасы талқыға түсті

«Құдай сақтасын, бетін аулақ»: Мөлдір Әуелбекованың жазбасы талқыға түсті
Фото: видеодан кадр

Оқиға желі қолданушыларының бірі Мөлдір Әуелбековаға «Моля, ұстазыңызбен достасыңыз» деп пікір қалдырғаннан кейін басталған. Әнші бұл пікірге «Құдай сақтасын, бетін аулақ» деп жауап берген, деп хабарлайды ult.kz.

Осыдан кейін Бағым Мұхитденова әлеуметтік желідегі парақшасында үнсіз жүргенінің себебін түсіндіріп, әншінің сөзіне реніш білдірді.

Продюсер Мөлдір Әуелбекованың бүгінде танымал болуына өзінің де еңбегі сіңгенін айтып, өткенді ұмытпауға шақырды.

«Құдайға шүкіршілік айтып отырып, сол Құдайдың “жақсылық жасаған адамға алғыс айт” деген аманатының орнына “бәлесінен аулақ” деуің дұрыс па? Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, “бәріне өз күшіммен жеттім” деуің дұрыс па?» – деп жазды ол.

Бағым Мұхитденова бұған қоса әншімен арадағы бұрынғы қарым-қатынасына қатысты ауыр өкпе-ренішін де ашық жеткізді. Оның сөзінше, Мөлдір Әуелбекова бір кездері оның үйінде тұрған, алайда кейін продюсерге сатқындық жасаған.

«Адал асымды ішіп, шаңырағымда тұрып, бетіме күліп, артымнан сатқындық жасағаның дұрыс па? Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатын алып қойғаның дұрыс па?» – деді продюсер.

Сонымен қатар ол Мөлдір Әуелбекованың өзін әлеуметтік желіде құрбан ретінде көрсетуіне қарсылық білдірді.

«Жылдар бойы өз жарамды өзім таңып, үндемей, іштей жылап қана келемін. Менің күйімді біле тұра, өзіңді құрбан қып көрсетуің дұрыс па? Тәубә мен тәрбиені тілге тиек етсең, ендігісі біз жаққа қарап сөйлеме. Сонда мен де жұмған аузымды ашпаймын», – деп жазды Бағым Мұхитденова.

Айта кетейік, Мөлдір Әуелбекованың жаңа образы желіде қызу талқыланды.

Бағым Мұхитденова кім?

Бағым Мұхитденова – қазақстандық әнші, композитор әрі музыкалық продюсер. Ол отандық шоу-бизнесте 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бірқатар танымал әншілер мен музыкалық жобалардың қалыптасуына атсалысқан. 

Бағым Мұхитденованың есімі «КешYou» тобымен тығыз байланысты. Ол топтың музыкалық бағытын қалыптастыруға, ән таңдауға және орындаушылардың шығармашылық дайындығына қатысқан. Топ құрамында кейін жеке шығармашылық жолын бастаған Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева, Мөлдір Әуелбекова секілді әншілер болды. 

Мөлдір Әуелбекова да «КешYou» құрамында бірнеше жыл өнер көрсетті. Кейін әнші топтан кетіп, жеке шығармашылығын жалғастырды. Осы кезеңде оның Бағым Мұхитденовамен қарым-қатынасы күрделеніп, екі тарап арасында түсініспеушілік пайда болған. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шоу-бизнес өкілдері мен көрермендер арасында талқыланып келеді. 

Бағым Мұхитденова 2017 жылы Мөлдір Әуелбековамен байланысын үзгенін ашық айтқан. Алайда 2025 жылы берген сұхбатында продюсер бұрынғы ренішінің басылғанын айтып, қазір Мөлдірмен сөйлесіп тұратынын жеткізген. Оның сөзінше, әншінің сол кездегі сұхбаттарында айтқан кейбір пікірлері өзіне ауыр тиген.

Бағым Мұхитденованың өзі де сахнада өнер көрсетеді. 2025 жылы ол 30 жылдан кейін алғаш рет жеке ән кешін өткізген. Продюсер сол жылдар ішінде өнерден гонорар алмағанын, ән айтуды ең алдымен өз қалауы деп санайтынын айтқан.

Бағым Мұхитденова – продюсер Баян Алагөзованың туған әпкесі. Екеуі де отандық шоу-бизнес саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. 

Мөлдір Әуелбекова туралы не белгілі? 

Мөлдір Әуелбекова – қазақстандық танымал әнші, актриса және тележүргізуші. Ол 1986 жылы 10 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен қызығып, музыка саласында білім алған. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білімін жалғастырып, эстрада өнері бойынша магистр дәрежесін алған.

Әншінің көпшілікке кеңінен танылуына «SuperStar KZ» жобасына қатысуы әсер етті. 2004 жылы байқаудың екінші маусымында өнер көрсетіп, үздік ондыққа дейін жетті. Осыдан кейін оның кәсіби сахнадағы жолы басталды.

Мөлдір Әуелбекова «КешYou» қыздар тобының алғашқы құрамдарының бірінде өнер көрсетті. Топта жүрген кезінде бірнеше танымал ән орындап, қазақ эстрадасындағы танымал әншілердің біріне айналды. Кейін жеке шығармашылығын бастап, жеке әндерін жарыққа шығарды.

Әншінің кино саласында да тәжірибесі бар. Ол «Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдады. Фильмнің 2011 жылы жарық көрген екінші бөлімінде де Мөлдір Әуелбекова ойнады.

Мөлдір Әуелбекова тележүргізуші ретінде де еңбек еткен. Ол «Елім менің» бағдарламасын жүргізіп, көрерменге танымал болды. Сонымен қатар кейін музыкалық продюсерлікпен айналысып, «Назар» қыздар тобының продюсері болды.

Өнердегі жолында Мөлдір Әуелбекова республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, түрлі марапаттарға ие болды. 2018 жылы оған «Құрмет» ордені берілген.

2026 жылы әнші өнердегі 22 жылдығына орай Қазақстан қалаларын қамтитын концерттік турын бастауды жоспарлағанын мәлімдеді. Ол араға сегіз жыл салып үлкен концерттік бағдарламамен көрермендермен қайта кездесуге дайындалып жатқанын айтқан.

Қазір Мөлдір Әуелбекова жеке әнші ретінде шығармашылығын жалғастырып келеді. 2026 жылғы сұхбатында ол Баян Мақсатқызы Есентаеваны ұстазы деп атайтынын, бірақ продюсерлік орталыққа қайта оралу жоспары жоқ екенін айтқан.