ҚТЖ басшысы қызметінен босатылды

ҚТЖ басшысы қызметінен босатылды
Фото: әлеуметтік желі

Талғат Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Мұндай шешімді компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қабылдады.

Қазіргі таңда қордың жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі.

Талғат Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне 2025 жылдың шілде айында тағайындалған еді.

Талғат Алдыбергенов кім? 

Талғат Сағиұлы Алдыбергенов – Қазақстанның теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен басқарушы әрі көлік-логистика саласының маманы. Ол әр жылдары теміржол және көлік кәсіпорындарында түрлі басшылық қызметтерді атқарып, 2025 жылдың шілдесінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Талғат Алдыбергенов 1970 жылы 10 сәуірде Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы теміржол инженерлері институтын «Теміржол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін экономика саласында білімін жетілдіріп, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

Еңбек жолын қарапайым теміржол қызметкері ретінде бастап, жүк қабылдаушы, тауар кассирі, станция кезекшісі секілді қызметтерде жұмыс істеген. Кейін «Қазтранссервис», «Кедентранссервис», «ҚазМұнайГаз» жүйесіндегі кәсіпорындарда және басқа да көлік-логистика ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқарды. 2024 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалса, араға бір жыл салып компанияның басқарма төрағасы қызметіне кірісті.

Ол ҚТЖ-ны басқарған кезеңде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жүк тасымалының тиімділігін арттыру және халықаралық транзиттік бағыттарды дамыту мәселелерімен айналысты. Сонымен қатар жаз мезгілінде пойыздардың кешігуіне қатысты түсініктеме беріп, аптап ыстық кезінде қозғалыс қауіпсіздігін сақтау үшін пойыздардың жылдамдығына уақытша шектеулер енгізілетінін мәлімдеген болатын.