Павлодарда бірнеше жылға созылған 138 миллион теңгелік салық дауына кассациялық сот соңғы нүкте қойды. Прокуратураның наразылығынан кейін сот қосылған құн салығын (ҚҚС) қосымша есептеу туралы салық органының шешімін заңды деп таныды, деп хабарлайды ult.kz.
Даудың өзегі "СПЕЦСТРОЙ Групп ЛТД" ЖШС-не қатысты болды. Компания қайта ұйымдастыру нәтижесінде бірнеше кәсіпорынның құқықтық мұрагері атанып, оған 138 миллион теңгеден астам ҚҚС қалдығы берілген. Осыған байланысты салық органының тексеруі барысында аталған сома бойынша түзету жүргізіліп, қосымша салық есептелген.
Алайда серіктестік бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар компанияның талабын қанағаттандырған болатын.
Кейін Бас прокуратураның наразылығы негізінде іс кассациялық сотта қайта қаралды. Нәтижесінде төменгі соттардың шешімдері күшін жойып, компанияның талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Осылайша салық органының әрекеті заңды деп танылды.
Прокуратураның мәліметінше, бұл шешім әділ салық салу қағидатын сақтауға және мемлекеттің қаржылық мүддесін қорғауға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар кассациялық сот "ҚазБитумСервис" ЖШС бойынша 7 миллион теңге көлеміндегі қосымша салық есептеу туралы шешімді де заңды деп таныды.