Қостанайлық тұрғын мүмкіндігі шектеулі қызы үшін үйінен көшеге шығатын жеке лифт жасады

Қостанайлық тұрғын мүмкіндігі шектеулі қызы үшін үйінен көшеге шығатын жеке лифт жасады
ашық дереккөз

Қостанай облысының тұрғыны екінші қабатта тұратын қызына күнделікті сыртқа шығуға мүмкіндік беретін арнайы лифт орнатқан, деп хабарлайды ult.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық Самиголла Ғаниев церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы бар 33 жастағы қызы Гүлберген үшін үйінің екінші қабатынан көшеге түсетін жеке лифт жасатты.

Гүлберген – отбасындағы бес баланың үлкені. Бұған дейін оны анасы арбаға отырғызып, баспалдақпен көтеріп-түсіретін. Алайда кезекті серуеннен кейін қызын екінші қабатқа көтеріп келе жатқанда анасының белі ауырып қалған.

Осыдан кейін әкесі қызына ыңғайлы лифт орнатуды ойлаған.

«Әйелім қызымызды екінші қабатқа көтеріп келе жатқанда белі ауырып қалды. Содан қандай да бір лифт ойлап табуды сұрады. Қазақстанның барлық жерінен іздей бастадым. Рудный қаласына шықтым. Бастапқыда мұндай құрылғы жасамайтынын айтты. Кейін қайта хабарласып, тапсырыспен жасап бере алатынын жеткізді», – деді көпбалалы әке.

Арнайы көтергіштің жүк көтеру қабілеті – 250 келі. Оның биіктігі 3 метр 80 сантиметрді құрайды. Құрылғы бейнекамерамен, жарықтандыру жүйесімен және кодты құлыппен жабдықталған.

Лифтті жасауға, тасымалдауға және орнатуға бір айға жетпейтін уақыт кеткен. Отбасы бұл жұмысқа шамамен 4 млн теңге жұмсаған.

Әкесі мұнымен де тоқтамай, қызына үйден шығуды барынша ыңғайлы ету үшін өз бөлмесінің тұсына арнайы балкон да салған.

Енді Гүлберген көшеге күн сайын өзіне арналған лифт арқылы шыға алады.