Қостанайда заңсыз несие беріп, 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан тұрғын сотталды

Қостанайда заңсыз несие беріп, 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан тұрғын сотталды
ашық дереккөз

Қостанай облысында заңсыз микрокаржылық қызмет ұйымдастырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қойып қарыз беру қызметін жүргізген. Клиенттерді OLX пен Instagram желілеріндегі жарнамалар арқылы тартқан.

Тергеу барысында күдіктінің азаматтардың қаржылық қиын жағдайын пайдаланып, жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз бергені анықталды. Сонымен қатар, нотариаттық шарттарда қарыздың нақты сомасының орнына алдын ала есептелген сыйақы, түрлі шығындар мен өзге төлемдер қосылып, қарыз көлемі негізсіз ұлғайтылған.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі қолына 9 млн теңге алғанымен, келісімшартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін оған 18 млн теңге көлеміндегі тағы бір қарыз шарты рәсімделгенімен, бұл қаражат іс жүзінде берілмеген. Соның салдарынан сот шешімімен азаматтан жалпы 26 млн теңге өндірілген.

Агенттік мәліметінше, заңсыз схемаға 50-ден астам адам тартылып, күдіктінің қылмыстық жолмен тапқан табысы 1 млрд теңгеден асқан.

Сот үкімімен ол 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер учаскесі, Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктері мемлекет кірісіне тәркіленді.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.