Қостанайда Қазақстанның Балалар Кубогы-2026дың 3-кезеңі – А. Г. Уфимцев мемориалы басталды. Турнир 11 дүркін Қазақ КСР чемпионы, КСРО спорт шебері Анатолий Гаврилович Уфимцевтің есіміне арналған. Ол шахмат теориясына «Пирц – Уфимцев қорғанысы» атты дебюттің авторы ретінде енген, деп хабарлайды ult.kz.
30 мамыр мен 5 маусым аралығында 6-дан 14 жасқа дейінгі 285 жас шахматшы жүлде үшін таласады.
Қатысушылар 9 турдан тұратын швейцариялық жүйемен жарысады. Уақыт бақылауы — 60+30 (партияға 60 минут + әр қадамға 30 секунд қосымша).
Турнир А (U-14)
134 шахматшы (2012 жылғы және одан кіші) қатысуда. Рейтингтік фавориттер:
• Елсултан Қалиахмет (1999, Алматы)
• Нұрас Амангелді (1925, Маңғыстау облысы)
• Иман Набиев (1902, Қостанай облысы)
Сондай-ақ жеңіс үшін күрескендердің қатарында 1-кезеңнің күміс жүлдегері Даниал Сәтеков (1866, Алматы) және 2-кезеңнің қола жүлдегері Аманбек Өтетілеу (1824, Ақтөбе облысы) бар. Барлық фавориттер 1-турда өз партияларын жеңіспен аяқтады.
Турнир Б (U-10)
151 жас шахматшы (2016 жылғы және одан кіші) қатысуда. Ерекше көзге түсіп тұрғандар:
• Мұхаммедғали Әбдіқайым (1791, Астана)
• Қазақстан чемпионаты-2026 қола жүлдегері (U-10) Алтайыр Омұрзақов (1783, Астана)
• Алдыңғы екі кезеңнің жеңімпазы Әли Атнаш (1777, Атырау облысы)
• Арыстан Мұрат (1753, Абай облысы)
• 2-кезеңнің күміс жүлдегері Александр Смелов (1628, Павлодар облысы)
Бұл турнирде де фавориттер бірінші турда сәтсіздікке ұшыраған жоқ.
Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) төртінші жыл қатарынан ересектер арасындағы KazChess Кубогымен қатар Балалар Кубогын да ұйымдастырып келеді. 2026 жылы ол 6 кезеңнен және Астанада 1-13 желтоқсан аралығында өтетін Финалдан тұрады.