Қостанайда әкесі қызын құтқармақ болып, өзі де суға батып кетті

Қостанайда әкесі қызын құтқармақ болып, өзі де суға батып кетті
Фото: freepik

Қостанай облысында отбасылық демалыс қайғылы жағдаймен аяқталды. Тобыл өзенінде ер адам мен оның кәмелетке толмаған қызы суға батып, қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 13 тамызда Қостанай ауданына қарасты Нечаевка ауылының маңында болған. Өңірлік ТЖД мәліметінше, ер адам бес баласымен бірге өзен жағасына барып, шомылуға арналмаған аумақта суға түскен.

Шомылу кезінде екі қыздың суға бата бастағаны белгілі болды. Олардың біреуі өздігінен жағаға шығып үлгерген. Ал екінші қыз суда қалып қойған.

Қызын құтқаруға ұмтылған әкесі жүзе алмаған. Соған қарамастан ол баласына көмектесуге әрекет жасаған. Алайда қатты ағыс салдарынан әкесі мен қызы екеуі де суға батып кеткен.

Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жүргізіп, 13 тамыз күні кешке қыздың денесін тапты. Ал ер адамның денесі келесі күні табылды. Іздеу жұмыстарына құтқарушылармен қатар полиция қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар да қатысты.

ТЖД мәліметінше, екі күн ішінде жағалаудың шамамен 2,5 шаршы шақырымы тексеріліп, дрон арқылы 12 гектардан астам аумақ зерттелген. Сүңгуірлер өзен түбінің шамамен 39 мың шаршы метрін қараған.