Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындаған.
Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. да жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде. Олар күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға шақырды. Ведомство ресми ақпаратқа сүйенуге кеңес берді.