ҚазҰУ студенттер сарайының бір бөлігі опырылды: ғимарат бұған дейін тексерілген

ҚазҰУ студенттер сарайының бір бөлігі опырылды: ғимарат бұған дейін тексерілген
threads.com

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға 23 қыркүйекке қараған түні Тимирязев көшесінде болған, деп хабарлайды ult.kz.

Куәгерлердің айтуынша, қатты дыбыс естілген. Олардың сөзінше, сол уақытта ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары ғимараттың жағдайына алаңдаушылық білдірді.

ҚазҰУ баспасөз қызметі нысанда реконструкция жүргізу жоспарланғанын хабарлады.

Университет мәліметінше, Студенттер сарайы 1985 жылы салына бастап, 1998 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ғимарат шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген.

2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайына сараптама жүргізген. Тексеру нәтижесінде бірқатар елеулі ақау анықталған.

Атап айтқанда, темірбетон ригельдерінің кейбір бөліктері жоқ екені, бағандардың коррозияға ұшырап, жекелеген тұстарда қисаюы, ригельдер мен бағандардың түйісу орындарының бұзылуы, сондай-ақ темірбетон конструкцияларының майысуы мен деформацияға ұшырағаны анықталған.

Сонымен қатар ғимарат қасбетінің жылу оқшаулау қабаты бүлініп, шатырдың металл конструкцияларында коррозия мен жергілікті деформациялар бары белгілі болған.

Университет өкілдерінің айтуынша, ақаулардың басым бөлігін ғимараттың ішкі әрлеуін бөлшектемей анықтау мүмкін болмаған. Осыған байланысты нысанды кешенді реконструкциялау қажеттігі туындаған.

ҚазҰУ Студенттер сарайының тарихи және мәдени маңызын ескере отырып, ғимаратты сақтап, қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазҰУ-ға қайтарылған аумақтағы бизнес-орталықтың сүрілгені хабарланған болатын.