ҚАЖК әлеуметтік желіде тараған түрмедегі суицид туралы ақпаратты жоққа шығарды

ҚАЖК әлеуметтік желіде тараған түрмедегі суицид туралы ақпаратты жоққа шығарды
Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желілерде Алматы қаласындағы түзеу мекемелерінің бірінде екі сотталғанның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

– Алматы қаласындағы түзеу мекемелерінде екі сотталғанның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, Алматыдағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жағдай толық бақылауда және тұрақты.

Сондай-ақ ҚАЖК Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, азаматтарды тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне ғана сүйенуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында пробация талаптарын бірнеше рет бұзған екі азаматтың сот шешімімен түзеу мекемесіне жіберілгені хабарланған еді.