«Қазгидромет» РМК 4 тамызға арналған ауа райы болжамы мен дауылды ескерту жариялады. Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Кей өңірлерде қатты жаңбыр жауып, шаңды дауыл соғуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік өңірлерде жауын-шашынға байланысты ауа температурасы төмендейді. Ал елдің шығысы мен батысында аптап ыстық сақталады.
Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ жаууы мүмкін. Ауа температурасы түнде +18…+20 °C, күндіз +28…+30 °C болады.
Алматыда құбылмалы бұлтты, жаңбырлы ауа райы сақталады. Найзағай күтіледі. Түнде +20…+22 °C, күндіз +25…+27 °C.
Шымкентте де жаңбыр мен найзағай болжанады. Түнде ауа температурасы +21…+23 °C, күндіз +33…+35 °C болады.
Қатты жауын-шашын, бұршақ және дауыл Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының таулы аудандарында, сондай-ақ Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бірқатар аумақтарында күтіледі. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Сонымен қатар Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күн қатты ысып, ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі.
Республика бойынша жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Абай және басқа да бірқатар өңірлерде өрт қаупі өте жоғары деңгейде болады.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады.