Freedom Inside '26

Қазгидромет күздік бидай өнімділігі бойынша нақтыланған болжамын жариялады

Қазгидромет күздік бидай өнімділігі бойынша нақтыланған болжамын жариялады
depositphotos.com

«Қазгидромет» РМК 2026 жылға арналған күздік бидайдың өнімділігі бойынша нақтыланған болжамын жариялады. Есептік деректерге сәйкес, қалыптасқан агрометеорологиялық жағдайлар мен алдағы кезеңге арналған ауа райы болжамын ескере отырып, еліміздің оңтүстік өңірлерінде күздік бидай өнімділігі негізінен көпжылдық орташа көрсеткіштер деңгейінде болады деп күтілуде, деп хабарлайды ult.kz.

Мамандардың мәліметінше, Алматы облысында күздік бидай өнімділігі Іле ауданында 10,5–12,5 центнер/гектар болса, Еңбекшіқазақ ауданында 22,8–24,8 центнер/гектарға дейін жетуі мүмкін.

Жамбыл облысында өнімділік көрсеткіштері Талас және Сарысу аудандарында 11,2–13,3 центнер/гектар көлемінде болжанса, Шу ауданында 15,8–17,8 центнер/гектар деңгейінде болады деп күтілуде.

Жетісу облысында ең төменгі өнімділік Кербұлақ ауданында 15,8–17,8 центнер/гектар шамасында болса, Талдықорған қаласында 21,3–23,3 центнер/гектарға дейін жетеді деген болжам жасалған.

Ал Түркістан облысында Қазығұрт ауданы ерекше нәтиже көрсетеді деп күтілуде. Бұл өңірде күздік бидай өнімділігі көпжылдық нормадан жоғары болып, 21,7–23,7 центнер/гектар деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Облыстың өзге аумақтарында өнімділік орташа көпжылдық мәндер шегінде болады. Атап айтқанда, Сарыағаш және Арыс аудандарында 11,7–13,8 центнер/гектар болса, Мақтаарал ауданында 29,8–30,8 центнер/гектарға дейін жетеді деп болжануда.

«Қазгидромет» мәліметінше, оңтүстік өңірлер аудандары бойынша толық өнімділік болжамымен мекеменің ресми сайтында және фермерлерге арналған AgroData қосымшасында танысуға болады.