“Қазақты мойындата алмағаныма өкінемін”: Майра Мұхамедқызы көз жасына ерік берді

“Қазақты мойындата алмағаныма өкінемін”: Майра Мұхамедқызы көз жасына ерік берді
Коллаж: видеодан кадр

Әлемдік опера сахнасында Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы елдегі өнер адамдарына көрсетілетін құрмет жайлы жан сырын ақтарды, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі халықаралық деңгейде зор жетістіктерге жетіп, әлемнің ең беделді театрлары мен концерттік сахналарында өнер көрсеткенімен, туған жерінде еңбегінің лайықты бағаланбай жүргеніне қынжылатынын жасырмады. Оның айтуынша, шетелде өнеріне жоғары баға беріліп, ерекше құрмет көрсетіліп, түрлі шығармашылық ұсыныстар түссе де, өз елінде дәл сондай қолдау мен мойындауды сезіне бермейді.

Майра Мұхамедқызы бұл тақырыпты қозғағанда ерекше толқып, көзіне жас алды. Әнші үшін туған елінің ықыласы мен бағасы кез келген марапаттан қымбат екенін айтып, Қазақстанда өнер жолында сіңірген еңбегі елеусіз қалып жатқандай әсерде екенін жеткізді.

Ол шетелде Қазақстанның мәдениеті мен өнерін танытып жүрген әрбір өнерпаздың еңбегі ел ішінде де лайықты бағалануы қажет екенін атап өтті. Өнер иесінің бұл жанайқайы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік оның сөзін қолдап, ел намысын халықаралық сахнада қорғап жүрген таланттарға көбірек құрмет көрсетілуі керектігін жазуда.