CS2 ойыны бойынша magic командасының мергені, қазақстандық киберспортшы Әбдірахим mo0N Иса лудоманиямен күрескен кезеңі туралы ашық әңгімеледі, деп хабарлайды ult.kz.
Tengri Sport-қа берген сұхбатында ол жасөспірім шағында бәс тігуге тәуелді болып, соның салдарынан қомақты қарызға батқанын айтты.
Киберспортшының сөзінше, ең ауыр кезең 15 пен 18 жас аралығында болған. Сол уақытта жиналған қарыздар оған психологиялық тұрғыдан қатты әсер еткен.
– 15 пен 18 жас аралығында үлкен қиындықтарға тап болдым. Бұл бәс тігумен байланысты еді, – деді ол.
Әбдірахим кейін кәсіби мансабындағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі болған RUBY ұйымымен келісімшарт жасасар алдында барлық мәселесін ашық айтқанын жеткізді. Оның айтуынша, ұйым иесі қарыздарының басым бөлігін өтеуге көмектескен.
– Мен жағдайымды жасырмай айттым. Ол бірден қолдау көрсетті. Кейін ойнай бастадым, қарыздарымды біртіндеп жауып, бұл қиындықтан толық шықтым, – деді ойыншы.
Қазір киберспортшы бұл кезеңнің артта қалғанын айтады. Оның сөзінше, кейін бар назарын ойынға аударып, кәсіби дамуға күш салған.
Әбдірахим RUBY командасына 2024 жылдың қаңтарында қосылған. Бұл оның жалақы төленетін алғашқы кәсіби келісімшарты болған. Ол халықаралық студенттік CS турнирінде сәтті өнер көрсеткеннен кейін ұйымның назарына іліккен.
Биыл PGL Astana турнирі оның мансабындағы алғашқы ірі халықаралық жарысқа айналды. Қазақстандық ойыншы өнер көрсететін magic командасы жарыстың жартылай финалына дейін жетіп, кейін үшінші орын үшін өткен кездесуде MOUZ клубына есе жіберді.
Турнир қорытындысы бойынша команда төртінші орын алып, 56 мың доллар сыйақыға ие болды. Бұл Әбдірахимнің кәсіби мансабындағы ең ірі қаржылай табыстарының бірі саналады.