Әлеуметтік желіде Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандары израильдік компанияның басқаруына беріледі деген ақпарат тарады. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желіде мыңдаған оқырманы бар, өзін мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеуші ретінде таныстырған Гүлнара Мұхтар осы мәселеге қатысты видео жариялады. Оның айтуынша, оқырмандары Қазақстанның су ресурстары Израильдің басқаруына беріледі деген ақпаратты жіберіп, мән-жайды түсіндіруді сұраған.
Бейнежазбада ол Қазақстан мен Израиль арасында су саласындағы ынтымақтастық бар екенін айтып, министрліктің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
«Бірақ біздің Израильмен серіктестігіміз бар. Министрлік жалған деп мәлімдеме жасапты. Министрлік суды үнемдеу бойынша меморандумға қол қойған. Халыққа ашық түсіндіру керек шығар», – деді Гүлнара Мұхтар.
Бұған Су ресурстары және ирригация министрлігі видеоның астына пікір қалдырып, тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандарын шетелдік компанияның басқаруына беру туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Шетелдік тәжірибені тарту Қазақстанның су ресурстарына меншік құқығын немесе оларды басқару өкілеттігін шетелдік компанияларға беруді көздемейді», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның түсіндіруінше, су саласындағы халықаралық ынтымақтастық заманауи технологияларды енгізуге, су шығынын азайтуға және су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Осылайша, министрлік шетелдік компаниялармен әріптестік орнату Қазақстанның су ресурстары мен су шаруашылығы нысандарын олардың басқаруына беру дегенді білдірмейтінін атап өтті.