Freedom Inside '26

Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды: бір өңірде нөсер жауса, енді бірінде аптап ыстық болады

Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды: бір өңірде нөсер жауса, енді бірінде аптап ыстық болады
astanatv.kz

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 29 маусымға арналған дауылды ескерту жариялады. Елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, кей өңірлерде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауса, басқа аймақтарда ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды ult.kz.

Астана, Алматы және Шымкентте ауа райы қандай болады?

Астанада күн райы күрт нашарлайды. Синоптиктер жаңбыр, күндіз кей уақытта қатты нөсер, найзағай, бұршақ және екпінді жел болады деп болжайды. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Алматыда күндіз ауа температурасы +35...+36 градусқа дейін көтеріледі. Найзағай ойнап, желдің екпіні 15–18 м/с болады. Іле Алатауының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Шымкентте өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Қай өңірлерде қолайсыз ауа райы күтіледі?

Еліміздің көптеген облыстарында нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болжанып отыр.

Ұлытау және Маңғыстау облыстарында – желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Маңғыстауда қатты жаңбыр мен бұршақ жауады.

Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында – желдің екпіні 25 м/с болады.

Қызылорда облысында – қатты желмен қатар шаңды дауыл күтіледі.

Сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында нөсер жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр.

Кей өңірлерде +40 градусқа дейін ыстық болады

Елдің шығысында, оңтүстігінде және орталығында аптап ыстық сақталады.

Ауа температурасы Алматы облысының солтүстігінде, Жетісу облысында, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Қарағанды облысының шығысында +40 градусқа дейін көтеріледі.

Ал Алматы, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында +35...+38 градус ыстық күтіледі.

Өрт қаупі жоғары

Синоптиктердің мәліметінше, аптап ыстыққа байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Осыған байланысты тұрғындарға табиғат аясында отпен жұмыс істеуде барынша сақ болу ұсынылады.