Қазақстанға жұмыс істеуге келген филиппиндік әйел колониядан амнистиямен босатылды

Қазақстанға жұмыс істеуге келген филиппиндік әйел колониядан амнистиямен босатылды
Абай облыстық ҚАЖД

Абай облысында ұрлық жасағаны үшін 3 жыл 6 айға сотталған 33 жастағы Филиппин азаматы амнистиямен мерзімінен бұрын босатылды. Енді ол отанына қайтады, деп хабарлайды ult.kz.

Өңірлік ҚАЖД мәліметінше, шетелдік әйел Қазақстанға бес жыл бұрын жұмыс істеуге келген. Жазасын әйелдер колониясында өтеп жүрген кезінде тігіншілік мамандығын меңгеріп, қазақ тілін үйренген.

Амнистия туралы заңға сәйкес, ол жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылды. Қазір көші-қон қызметі оны Қазақстан аумағынан шығарып салу рәсімін жүргізіп жатыр.

Әйелдің айтуынша, Филиппинде оны анасы мен сіңлісі күтіп отыр. Бес жыл бойы жақындарын көрмеген ол үйіне оралып, жұмыс тауып, өмірін қайта бастағысы келетінін айтты.