Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Одан кейін мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория президентінің бұл сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтті.
«Черногория мемлекеті басшысының алғашқы ресми сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының Черногорияны жақсы білетінін және көптеген қазақстандық жыл сайын аталған елде демалатынын айтты. Сонымен қатар Тоқаев Черногорияны тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін жеткізді.
Өз кезегінде Яков Милатович Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, бұл сапар екі мемлекет арасындағы байланыстардың жаңа кезеңін бастайтынына сенім білдірді.
«Бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеміз деп сенемін. Мен Қазақстанға достас елдің өкілі ретінде келдім», – деді ол.
Черногория басшысы сапар аясында екі елдің сауда палаталары бизнес-форум өткізетінін және бірқатар меморандумдарға қол қойылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматтары үшін Черногорияның танымал туристік бағыттардың бірі екенін атап өтіп, осы саладағы байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық байланыстарды дамыту және туризм саласындағы серіктестікті тереңдету мәселелерін талқылады.