Freedom Inside '26

Қазақстандықтардың ломбардтар алдындағы қарызы жарты триллион теңгеге жуықтады

Қазақстандықтардың ломбардтар алдындағы қарызы жарты триллион теңгеге жуықтады
ашық дереккөз

Қазақстанда ломбардтар қызметінен түсетін табыс рекордтық деңгейге жетті. Сонымен қатар тұрғындардың ломбардтар алдындағы қарызы 481,3 млрд теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды ult.kz Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Finprom.kz деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елдегі ломбардтардың жиынтық таза пайдасы 54,7 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе көп.

Ал 2024 жылдың басымен салыстырғанда ломбардтардың табысы алты еседен астам өскен. Сол кезде сектордың таза пайдасы 8,7 млрд теңге болған.

Ең көп табыс тапқан ломбардтар

Елде жұмыс істеп тұрған 466 ломбардтың 337-сі бірінші тоқсанды пайдамен аяқтаған.

Ең жоғары табыс тапқан ұйымдар:

  • «М-Ломбард» – 12,9 млрд теңге;
  • «МК-Ломбард» – 10,5 млрд теңге;
  • «МК-Золото Ломбард» – 9,7 млрд теңге.

Сондай-ақ GoldFinMarket пен «Триллионер Ломбард» компанияларының таза пайдасы бір жыл ішінде 17 есеге дейін артқан.

Ал 85 ломбард шығынға ұшыраған. Ең ірі шығын «Ломбард €lit Алматы» (134,1 млн теңге) мен «Мост-ломбардта» (120,3 млн теңге) тіркелген.

Қазақстандықтардың қарызы көбейіп жатыр

Сарапшылардың мәліметінше, 2026 жылдың наурыз айының соңында қазақстандықтардың ломбардтар алдындағы негізгі берешегі 481,3 млрд теңгеге жеткен.

Бір жыл ішінде ломбардтардың несие портфелі 63 пайызға өссе, соңғы екі жылда екі еседен астам ұлғайған.

Мерзімі өткен қарыздар

Соған қарамастан, төлем мерзімі 90 күннен асқан проблемалық қарыздардың үлесі жалпы нарықта 2,1 пайызға дейін төмендеген.

Алайда нарық көлемінің ұлғаюына байланысты мерзімі өткен берешектің ақшалай көлемі 10,2 млрд теңгеге дейін өскен.

Кейбір ломбардтарда қайтарылмаған несиелердің үлесі өте жоғары. Мәселен, «Есиль-МК Ломбард» пен Bravo Lombard-та мерзімі өткен қарыздардың үлесі 100 пайызды құраса, «Тех.ломбардта» – 90,3 пайыз, ал Auto money желісінде – 32,1 пайыз болған.

Сарапшылар мұндай жоғары көрсеткіштер көбіне шағын компанияларда кездесетінін, өйткені бірнеше клиенттің қарызды қайтармауы жалпы статистикаға айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.