Қазақстанда халықтың спортқа қызығушылығы артып келеді. 2026 жылы үш жастан асқан тұрғындардың 47,7%-ы дене шынықтырумен немесе спортпен айналысқан. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізген іріктемелі зерттеуінде айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
2025 жылмен салыстырғанда спортпен айналысатындардың үлесі 1,2 пайыздық тармаққа өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 46,5% болған.
Қазақстандықтар спортпен қалай айналысады?
Зерттеу нәтижесіне сәйкес:
- 19,2% – бос уақытында өз бетінше жаттығады;
- 28,1% – білім беру ұйымдарындағы спорттық сабақтарға қатысады;
- 0,4% – спортпен кәсіби түрде айналысады.
Қала тұрғындарының арасында спортпен айналысатындардың үлесі 49,3% болса, ауыл тұрғындарында бұл көрсеткіш 45% болған.
Қалалықтар бос уақытында өз бетінше жаттығуға да көбірек бейім. Қала тұрғындарының 22,2%-ы спортпен өз бетінше айналысса, ауылда бұл көрсеткіш 13,7%.
Ең белсенді жас тобы – 36-48 жастағылар
Өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың арасында ең жоғары көрсеткіш 36-48 жастағы адамдарда – 28,4%.
Одан кейін:
- 17-28 жас – 18,6%;
- 58 жастан жоғары – 16,6%;
- 29-35 жас – 16%;
- 49-57 жас – 15,4%.
Өңірлер бойынша көрсеткіштер жас ерекшелігіне қарай әртүрлі.
Мәселен, 17-28 жастағылар арасында өз бетінше спортпен айналысатындардың үлесі Маңғыстау облысында 48,1%, Қызылорда облысында 31%, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында 28,9% болған.
Ал 36-48 жастағы тұрғындар арасында ең жоғары көрсеткіш Павлодарда (42,6%), Жамбыл облысында (40,8%) және Шымкентте (39,2%) тіркелген.
58 жастан асқандар арасында Солтүстік Қазақстан (32,7%), Қостанай облыстары (32,2%) және Алматы қаласы (30,3%) алда тұр.
Ерлер мен әйелдердің көрсеткіші қандай?
Өз бетінше спортпен айналысатындардың арасында ерлер мен әйелдердің үлесі шамалас: 51% – ерлер, 49% – әйелдер.
Ерлер арасында өз бетінше жаттығатындардың ең жоғары үлесі 36-48 жастағыларға тиесілі – 14,4%. Одан кейін 17-28 жас (11,3%) және 29-35 жас (9,1%) аралығындағы ерлер келеді.
Әйелдер арасында да 36-48 жастағылар алда – 13,9%. Сонымен қатар 58 жастан асқан әйелдердің үлесі 12,3% болған.
Қызығы, қала мен ауылда ерлер мен әйелдердің көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленеді. Қалада әйелдердің 43,9%-ы, ерлердің 34,5%-ы өз бетінше дене белсенділігімен айналысады. Ал ауылдық жерде керісінше, ерлердің үлесі 54,6%, әйелдердікі 32,7% болған.
Ерлер спорт секциясына жиірек барады
Өз бетінше жаттығу жасау дене белсенділігінің негізгі түрі болып отыр. Ерлердің 39,7%-ы, әйелдердің 41%-ы ұйымдастырылған сабақтарға қатыспай, өздігінен жаттығуды таңдайды.
Ал спорт секциялары мен тренажер залдарын қоса алғанда, ұйымдастырылған спорттық сабақтарға ерлердің 8,7%-ы және әйелдердің 6,6%-ы қатысады.
Ұйымдастырылған сабақтарға қатысып, сонымен қатар өз бетінше жаттығатындардың үлесі ерлер арасында 2,5%, әйелдер арасында 1,5% болған.
Өз бетінше спортпен айналысатын ерлердің үлесі Жамбыл (68,5%), Түркістан (66,2%), Қызылорда (60,6%) облыстарында және Жетісуда (56,9%) жоғары.
Ал әйелдер арасында ең жоғары көрсеткіш Шымкентте – 53,8%, Астанада – 52,1%, Ақмола облысында – 49,7% және Шығыс Қазақстан облысында – 46,3% тіркелген.
Ұйымдастырылған спорттық сабақтарға ерлер арасында Маңғыстау (25,3%), Ұлытау (21,9%), Қарағанды (21,7%) және Алматы (21%) облыстарының тұрғындары көбірек қатысады.
Әйелдер арасында бұл көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (21,2%), Павлодарда (17,5%), Алматыда (16,4%) және Қарағанды облысында (16%) жоғары.