Тариф мәселесі Қазақстандағы ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Халық коммуналдық қызметтердің қымбаттауына наразы болса, монополистер керісінше еліміздегі тарифтердің әлемдегі ең төмен деңгейде екенін және олардың дамуына мүмкіндік бермейтінін алға тартады. Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов Ulysmedia.kz сайтына электр энергиясының шамамен қандай құны әділ болатынын айтты. Оның пікірінше, дәл осы тариф қалған барлық тарифтердің негізі саналады. Алайда бұл ұсыныс қарапайым қазақстандықтардың көңілінен шыға қоюы екіталай.
Әділ тариф қандай болуы керек?
Астанада өткен «Орталық Азияның жылу энергетикасы» халықаралық форумында Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығының басшысы Сергей Агафонов халық үшін жылу тарифтерінің тым төмен екеніне наразылық білдірді.
– Қазіргі таңда халық үшін төмен тарифтердің құнын мемлекеттік ұйымдар төлеп отыр. Ұзақ уақыт бойы Шымкент өзіндік «рекорд» орнатқан еді, онда тұрғындар мен ұйымдар төлейтін тариф арасындағы айырмашылық 17 есе болатын. Бірақ қазір жаңа «көшбасшы» пайда болды – Қарағанды облысындағы Абай қаласында бұл айырмашылық 21 есеге жеткен. Бір тұрғын үй кешеніндегі адамдар жылуға айына 4 мың теңге төлесе, дәл қасындағы мектеп миллиондаған теңге төлейді. Бұл қаражат білім беру сапасын арттыруға немесе басқа пайдалы мақсаттарға жұмсалуы мүмкін еді. Оның орнына көрші тұрғын үйдің шығынын жабуға кетіп жатыр, – деді ол.
Энергетиктің пікірінше, мәселенің жалғыз шешімі – тарифтер арасындағы айырмашылықты қысқарту және жалпы тарифтерді көтеру.
Электр энергиясы 100 теңге болуы керек пе?
Агафоновтың айтуынша, ең алдымен электр энергиясының тарифін көтеру қажет, өйткені қалған барлық тарифтер соған байланысты есептеледі.
– Біз электр энергиясының тарифі ең төмен 27 елдің қатарына кіреміз. Қазақстандағы электр энергиясының тарифі әлемдік орташа деңгейден шамамен үш есе төмен, – деді ол.
Оның пікірінше, Қазақстан тарифтерді әлемдік орташа деңгейге жеткізуді мақсат етуі керек.
– Қазақстандағы электр энергиясының тарифі бір киловатт-сағат үшін 100 теңге болуы тиіс. Бұл – осы ресурстың шынайы құнына сәйкес келетін әділ тариф, – деп мәлімдеді ол.
Тарифтерді қатыру көмектеспейді
Журналистер Сергей Агафоновқа тарифтердің қымбаттауы инфляцияның негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін еске салды. 2025 жылдың күзінде Қазақстанда инфляция екі таңбалы көрсеткішке жеткен болатын. Бағаның одан әрі өсуін тоқтату үшін тарифтер мен жанар-жағармай бағасын көтеруге мораторий енгізілген еді.
Алайда Агафонов тарифтердің инфляцияға әсері асыра бағаланып отырғанын айтты.
– Статистика үшін монополистер қызметінің бағасының өсуін есептеу әлдеқайда оңай. Ал айтарлықтай қымбаттаған картоп секілді тауарлардың әсерін талдау күрделірек, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, тарифтердің өсуін уақытша тоқтату мәселені шешпейді, тек кейінге қалдырады. Оның айтуынша, тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру әрдайым кейінгі кезеңде бағаның одан да қатты көтерілуіне алып келеді.
– Егер тариф қалыпты жағдайда 10 пайызға өссе, мораторийден кейін ол 15 пайызға көтеріледі. Бұл өте қарапайым нәрсе. Алты айлық мораторий аяқталған соң біз тағы да осы салдарға тап боламыз, – деді Агафонов.
Оның сөзінше, саяси немесе әлеуметтік себептермен бағаны қатырып қоюдан гөрі тарифтерді біртіндеп көтеру әлдеқайда тиімді.
100 теңгелік тариф халықты үнемдеуге үйрете ме?
Сергей Агафонов тарифтердің өсуі қазақстандықтарды энергияны үнемдеуге мәжбүрлейді деп есептейді. Оның айтуынша, бұл болашақтағы энергия тапшылығын еңсеруге көмектеседі.
– Екі жол бар: жаңа электр өндіру қуаттарын салу немесе электр энергиясы мен жылуды үнемдеу. Екінші жол әлдеқайда тиімді. Тарифтерді көтермей тұрып, адамдарға энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға болады деген пікірмен ешқашан келіспеймін, – деді ол.
Мысал ретінде Агафонов Еуропа елдерін келтірді. Оның айтуынша, бұл мемлекеттердегі жоғары тарифтер мен салықтар тұрғындарды энергия ресурстарын ұқыпты пайдалануға ынталандырады.
Мән-жай
Энергетиктердің тарифтерді одан әрі көтеру туралы ұсыныстарына қарамастан, бұл мәселе халық үшін өте сезімтал болып қала береді. Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың көктемінде тарифтердің күрт өсуі инфляцияны қайтадан екі таңбалы деңгейге жеткізуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Соған қарамастан, 1 шілдеден бастап еліміздің 60 елді мекенінде электр энергиясының бағасы қайтадан қымбаттауы мүмкін.