Қазақстандық әскери жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңа әскери шен беріледі

Қазақстандық әскери жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңа әскери шен беріледі
Ақорда

Қазақстандағы әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектері енді оқуын тәмамдағаннан кейін дәстүрлі «лейтенант» емес, «аға лейтенант» әскери шенін алатын болды, деп хабарлайды ult.kz. 

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас офицерлерге алғашқы әскери шендерді тапсыру рәсімінде мәлімдеді. 

Президенттің айтуынша, мұндай бастама өткен жылы көтеріліп, оны жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырма берілген. Нәтижесінде биылғы түлектер жаңа тәртіп бойынша бірден «аға лейтенант» шеніне ие болады. 

«Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы әскери қызметтің басты өлшемі шен емес, Отан алдындағы адал қызмет екенін атап өтті. Оның сөзінше, жас офицерлерге үлкен үміт артылады және олар ел жастары үшін үлгі болуы тиіс.

Президент сондай-ақ түлектердің ата-аналарына алғыс айтып, олардың елжанды әрі жауапты азаматтарды тәрбиелегенін ерекше атап өтті.

Осылайша, Қазақстан әскери білім беру жүйесінде үздік түлектерді ынталандыруға бағытталған жаңа тәжірибе енгізіліп отыр.