Қазақстанда «Жылдың 10 үздік оқырманы» республикалық кітап марафоны басталды. Жобаның 10 жеңімпазының әрқайсысына 10 миллион теңгеден ақшалай сыйлық беріледі, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 қыркүйекте басталған жоба бүгінде елдің 195 ауданы мен 87 қаласын қамтыған. Екі аптаның ішінде арнайы платформаға 1 миллионнан астам адам тіркелген.
Қатысушылар оқушылар мен студенттерден бастап, мұғалімдер, ғалымдар және мемлекеттік қызметшілерге дейінгі сегіз санат бойынша бақ сынайды.
Марафонның негізгі шарты – алты ай ішінде 15 кітап оқып, кейін интеллектуалдық сынақтардан өту және шығармалардың мазмұнын жақсы меңгергенін көрсету.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары арасынан шамамен 4 мың адам ақшалай сыйлық алады. Ал марафонның басты 10 жеңімпазы финалда анықталады.
Жобаның қорытындысы 23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында шығарылады.
«Үздік он қатысушының әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде арнайы сыйлық беріледі. Қоғамның марафонға деген қызығушылығының жоғары болғаны қуантады», – деді Арман Қырықбаев.
Министрдің өзі «Парасат» арнайы санатына тіркелген. Бұл санатта қатысушылар көшбасшылық, басқару және мемлекетке қызмет ету тақырыптарындағы 15 кітапты оқуы керек. Алайда аталған санатта ақшалай сыйлық қарастырылмаған.
Қырықбаев әріптестерін – министрлерді, депутаттар мен әкімдерді оқитын ұлт қалыптастыру бастамасын жеке үлгісімен қолдауға шақырды.