Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқырман ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды ult.kz.
Еске салайық, 16 мамырда Мемлекет басшысы адам капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және білімді, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға арналған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.
Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап оқуды кеңінен насихаттау, кітапхана ісін жаңғырту және азаматтардың білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны қолға алды.
Солардың бірі – 2026 жылдың қыркүйегінде басталатын «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы. Оның мақсаты – кітап оқуға қызығушылықты арттыру, кітапсүйер қауымның қатарын көбейту және қоғамда оқырман мәдениетін кеңінен дәріптеу. Жоба аясында жыл сайын әртүрлі жас санатындағы ең белсенді оқырмандар мен кітап оқуды дамытуға үлес қосқан үздік өңірлік бастамалар анықталады.
Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындау жоспарланып отыр. Марапат кітапханашыларға, педагогтерге, журналистерге, жазушыларға, баспагерлерге, қоғам қайраткерлеріне және креативті индустрия өкілдеріне беріледі.
Министрлік кітапхана саласын цифрландыруға да ерекше көңіл бөлуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жұмыстары басталған. Жаңа жүйе электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және заманауи сервистерді бір алаңға біріктіреді.
Жоба іске қосылғаннан кейін еліміздің кез келген тұрғыны тұрғылықты жеріне қарамастан қазақ және әлем әдебиеті туындыларына, ғылыми еңбектерге, сирек кітаптар мен архив материалдарына қол жеткізе алады.
Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда электронды кітаптарды пайдалану көрсеткіші 9 миллионнан асқан. Сонымен қатар кітапхана инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы елде үш жаңа кітапхана ашылып, қала мен ауылдардағы 36 кітапхана жаңғыртылды. Биыл тағы 30 нысанды жаңарту жоспарланып отыр.