Freedom Inside '26

Қазақстанда жол бойында 250 жаңа сервис стансасы салынады

Қазақстанда жол бойында 250 жаңа сервис стансасы салынады
ашық дереккөз

Үкімет жол бойындағы сервис стансаларын салуға бағытталған ірі инвестициялық жобаны мақұлдады. Жоба аясында еліміздің халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарының бойында 250 жаңа сервис стансасын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Премьер-министр қол қойған қаулыға сәйкес, Көлік министрлігі мен «Car Park Transformer» ЖШС арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу жөніндегі инвестициялық келісім бекітілді.

Жобаға тартылатын жеке инвестиция көлемі 179,5 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Оның ішінде алғашқы 50 нысан биыл салынып, пайдалануға беріледі.

Жаңа сервис стансалары санитарлық-тұрмыстық бөлмелермен, сауда және қызмет көрсету орындарымен, электрлі көліктерге арналған қуаттау бекеттерімен және күн энергиясын өндіретін қондырғылармен жабдықталады. Сондай-ақ кешендер аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын қамтитын заманауи көпфункционалды нысандар ретінде бой көтереді.

Үкіметтің мәліметінше, жоба халықаралық стандарттарға сай жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға, электромобильдерге арналған заманауи жағдай жасауға және экологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жоба аясында шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жол бойындағы сервистің сапасын арттырып қана қоймай, жақын маңдағы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойында 1 428 сервис нысаны жұмыс істеп тұр.