Freedom Inside '26

Қазақстанда жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталады

Қазақстанда жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталады
ашық дереккөз

20 маусымнан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссияларының жұмысы басталады, деп хабарлайды ult.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен және мемлекеттік білім грантына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер осы күннен бастап өздері таңдаған жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін құжаттарын тапсыра алады.

Ал мемлекеттік білім беру гранттарына үміткер талапкерлерден өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады. Бұл кезеңде талапкерлер өздері таңдаған білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарын көрсете алады.

Грант конкурсына қатысуға арналған өтініштер талапкер таңдаған оқу орнына қарамастан кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Сонымен қатар құжаттарды жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары мен eGov порталы арқылы онлайн тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

Биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті балл өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына 50 балл жинау қажет. Ал «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша шекті балл – 75, «Денсаулық сақтау» саласы бойынша – 70, «Құқық» бағыты бойынша 75 балл болып белгіленген.

Сондай-ақ талапкерлер «Қазақстан тарихы» пәні мен екі бейіндік пәннен немесе шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндерінен кемінде 3 балл жинауы тиіс.

Министрлік жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары бойынша өздерінің қосымша шекті балдарын белгілеуге құқылы екенін еске салды.

Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады.

Айта кетейік, талапкерлер шығармашылық және арнайы емтихандардың тәртібі, оқу шарттары, жатақханамен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша өздері таңдаған жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан кеңес ала алады.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.