Қазақстанда заңсыз қару айналымына тосқауыл қойылды: ондаған қару мен жүздеген оқ-дәрі тәркіленді

Қазақстанда заңсыз қару айналымына тосқауыл қойылды: ондаған қару мен жүздеген оқ-дәрі тәркіленді
ҰҚК

Қазақстанның бірнеше өңірінде жүргізілген арнайы шаралар барысында заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің ірі партиясы анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен заңсыз қару айналымының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді.

Ведомствоның мәліметінше, биыл шілде айында Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің 8 өңірінде жүргізілген операциялар нәтижесінде 31 бірлік қару тәркіленген.

Тәркіленген заттардың ішінде:

4 автомат;
20 мылтық;
7 тапанша;
2 граната;
278 дана оқ-дәрі бар.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты іс бойынша қосымша ақпарат жарияланбайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз қару айналымына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қапқа жасырылған қару-жарақ табылғаны хабарланған болатын.