Қазақстанда алғаш рет ислам бағытындағы имамдарға интернетте миссионерлік қызмет жүргізуге құқық беретін ресми куәлік табысталды. Бұл туралы әлеуметтік желіде имам Нұрлан Байжігітұлы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес, дінді таратуға және миссионерлік қызметті, оның ішінде ғаламторда жүзеге асыруға құқық беретін құжат елімізде алғаш рет берілген.
Ресми куәлік Нұрлан Байжігітұлына, сондай-ақ оның орынбасарлары – найб имамдар Берік Арын мен Сұңғат Саметовке табысталған.
Имамның сөзінше, бұл құжат аталған азаматтарға заң талаптарына сәйкес діни түсіндіру және миссионерлік қызметті, оның ішінде интернет кеңістігінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұл ақпарат Нұрлан Байжігітұлының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланды. Ресми мемлекеттік органдар әзірге бұл мәселеге қатысты қосымша түсініктеме берген жоқ.