2026 жылдың сәуір-мамыр айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық істер бойынша терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар жасағаны үшін 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
ҰҚК мәліметінше, сотталғандардың бірі – Астана қаласының тұрғыны. Ол әлеуметтік желілер арқылы террористік идеологияны насихаттап, азаматтарды террористік белсенділік аймақтарына баруға үгіттеген. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сондай-ақ Шымкент қаласының тумасы терроризм идеяларын таратып, Қазақстан аумағында теократиялық мемлекет құруға шақырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен ол 7 жылға сотталды.
Бұдан бөлек, осы кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында экстремизм мен терроризмге қатысты қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам ұсталған.
Олардың арасында екі шетел азаматы және шетелден экстрадицияланған үш Қазақстан азаматы бар. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер интернетте және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, азаматтарды террористік белсенділік аймақтарына баруға, сондай-ақ өз көзқарастарымен келіспейтін адамдарға қарсы зорлық-зомбылық жасауға үндеген.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.