Әлемдік нарықта седандар әлдеқашан кроссоверлерге жол бергенімен, Қазақстанда төрт есікті жеңіл көліктер әлі де жаңа автомобильдер нарығының көшбасшысы болып отыр. 2025 жылы Chevrolet Cobalt ең көп сатылған көлік атанса, 2026 жылы да бұл атақты сақтап қалуға толық мүмкіндігі бар. Жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Cobalt сатылымы ең жақын бәсекелесі Hyundai Tucson моделінен екі есеге жуық жоғары болды, деп хабарлайды ult.kz.
Kolesa.kz материалында 2026 жылдың алғашқы бес айында қазақстандықтар ең көп таңдаған седандар мен лифтбэктерге шолу жасалған.
Седан – төрт есікті, жүксалғышы бөлек орналасқан классикалық жеңіл автокөлік болса, лифтбэк – сыртқы пішіні седанға ұқсас болғанымен, артқы қақпағы әйнегімен бірге толық ашылатын, жүк тиеуге ыңғайлы көлік түрі.
Қазақстандағы ең танымал бес седан
2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Қазақстанда ең көп сатылған седан – Chevrolet Cobalt болды. Ресми мәлімет бойынша, осы кезеңде 13 474 дана сатылған. Оның ішінде тек сәуір айында дилерлер 5,3 мыңнан астам көлік өткізген.
Қазақстанда Cobalt тек 1,5 литрлік, 106 ат күшіне ие атмосфералық қозғалтқышпен және 6 сатылы автоматты беріліс қорабымен ұсынылады. 2026 жылғы модельдердің бағасы 6,4–6,8 млн теңге аралығында.
Екінші орынға Kia Soluto жайғасты. Бұл модельден 1 742 дана сатылған. Ол Cobalt-пен салыстырғанда шамамен сегіз есе аз болғанымен, 2025 жылдың соңында ғана нарыққа шыққан жаңа модель үшін бұл жақсы нәтиже саналады. Soluto 1,4 литрлік, 95 ат күшіне ие қозғалтқышпен және автоматты қораппен жабдықталған. Бағасы – 7 млн теңге.
Үздік үштікті Hyundai Elantra түйіндеді. Оның 1 605 данасы сатылған. Қазір Elantra екі нұсқада ұсынылады:
1,6 литрлік атмосфералық қозғалтқыш + 6 сатылы автомат – бағасы 10–12,2 млн теңге;
1,5 литрлік қозғалтқыш + вариатор – 9,3–9,8 млн теңге.
Айта кетерлігі, Elantra сатып алғандардың 48,6%-ы вариаторлы, ал қалғаны автоматты беріліс қорабы бар нұсқаны таңдаған.
Төртінші орында Toyota Camry тұр. Бес айда 1 565 дана сатылған, оның 400-і гибридті нұсқа.
Бестікті Kia Cerato қорытындылады. Бұл модельден 1 272 көлік өз иесін тапқан.
Cerato бағасы 10–12,4 млн теңге аралығында болса, Camry әлдеқайда жоғары сегментке жатады. Оның бастапқы бағасы 18,7 млн теңге, ал ең қымбат гибридті нұсқасы 26,2 млн теңгеге дейін жетеді.
Қазақстанда неміс седандары қалай сатылып жатыр?
Қазақстанда неміс автокөліктерінің седан сегменті негізінен премиум брендтерден тұрады. Сондықтан бұл санаттағы жалпы сатылым 80 көлікке де жетпейді.
Көш басында BMW 5 сериясы тұр. Оның 32 данасы сатылған, соның ішінде 6 гибридті BMW M5 бар. M5 моделінің бастапқы бағасы 93,3 млн теңге, ал қосымша жабдықтарға байланысты бағасы бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Екінші орында Mercedes-Benz E-Class – 15 дана. Оның басым бөлігі E200 нұсқасы.
Үшінші орында Mercedes-Benz S-Class. Барлығы 9 көлік сатылса, оның 6-уы Mercedes-Maybach S580 4Matic үлесіне тиесілі.
Қытайлық седандардың үздік үштігі
2026 жылдың алғашқы жартысында Қытай брендтері арасында ең көп сатылған седан – Geely Emgrand болды. Оның 517 данасы сатылды.
Emgrand бағасы:
2025 жылғы механикалық нұсқа – 6,8 млн теңгеден;
2026 жылғы автоматты нұсқа – 9,4 млн теңгеге дейін.
Екінші орынға Chery Arrizo 6 шықты. Бұл модельден 469 дана сатылған. Ол 1,5 литрлік, 147 ат күшіне ие қозғалтқышпен және роботтандырылған беріліс қорабымен жабдықталған.
Бағасы:
2025 жылғы модельдер – 7 млн теңгеден;
2026 жылғы ең жоғарғы жиынтық – 9 млн теңгеге дейін.
Үшінші орын күтпеген жерден BYD Chazor моделіне бұйырды. Бес айда 377 дана сатылған.
Бұл автомобиль 1,5 литрлік бензин қозғалтқышы мен 180 ат күшіне ие гибридті жүйеменжабдықталған. Бағасы 2025 жылғы модельдер үшін 9,8 млн теңгеден, ал 2026 жылғы нұсқалары 10 млн теңгеден басталады.