Қазақстанда қызмет атқарып жүрген жеке сот орындаушылары үшін міндетті аттестаттау енгізіледі

Қазақстанда қызмет атқарып жүрген жеке сот орындаушылары үшін міндетті аттестаттау енгізіледі
ашық дереккөз

Бұл норма атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша қабылданған заңнамалық түзетулерде көзделген. ҚР әділет вице-министрі Даниель Ваисовтың айтуынша, аттестаттау жеке сот орындаушыларының кәсіби даярлық деңгейі мен заңнаманы білу дәрежесін объективті бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ult.kz. 

«Қайта аттестаттаудан өте алмаған жағдайда бұл жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыруға негіз болады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында. 

Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларының көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалар бұл салада жұмыс істей алмайды. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау жөніндегі әділет органдарының өкілеттіктері кеңейтіледі.

«Әділет органдары мен Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына жоспарлы және жоспардан тыс бақылау жүргізу кезінде жеке сот орындаушыларының банктік шоттары бойынша үзінді көшірмелерді талап ету құқығы беріледі. Бұған дейін жеке сот орындаушылары мұндай мәліметтерді ұсынудан бас тартуға құқылы болатын және көп жағдайда солай жасайтын», – деді ҚР әділет вице-министрі.