Freedom Inside '26

Қазақстанда қылмыс саны 9 пайызға азайды

Қазақстанда қылмыс саны 9 пайызға азайды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі криминогендік ахуал мен құқық қорғау органдарының жұмысы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылықтардың азаюы және қылмыстарды ашу көрсеткішінің жақсаруы байқалады.

Ержан Сәденов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыру аясында биыл өткен жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылған.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары сот төрелігінен жасырынған 574 қылмыскерді ұстаған. Олардың 89-ы шетел аумағында анықталған.

Кездесу барысында министр киберқылмысқа, есірткі саудасына, ұйымдасқан қылмыс пен экстремизмге қарсы күрес нәтижелері туралы да баяндады. Оның айтуынша, қылмыстық топтардың жолын кесу, азаматтарды түрлі қауіп-қатерден қорғау және халықаралық ынтымақтастықты күшейту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.

Жиын қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.