Freedom Inside '26

Қазақстанда қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс артты

Қазақстанда қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс артты
ашық дереккөз

Қазақстанда мемлекеттік тілдегі әдебиетке қызығушылық артып келеді. Соңғы бір жылда көпшілік кітапханалары арқылы оқырмандарға 53,4 миллион қазақ тіліндегі басылым берілген, деп хабарлайды ult.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, бір жыл ішінде кітапханалардан жалпы 88,9 миллион басылым оқырман қолына тиген. Оның 53,4 миллионы, яғни 60,1 пайызы қазақ тіліндегі әдебиеттерге тиесілі.

Бұл үрдіс кітапхана қорларының толығуынан да байқалады. Соңғы бір жылда көпшілік кітапханаларының қорына 906,5 мың жаңа басылым түскен. Оның 662,3 мыңы немесе басым бөлігі қазақ тіліндегі кітаптар.

Қазіргі таңда еліміздің көпшілік кітапханаларындағы қазақ тіліндегі әдебиеттер қоры 30,3 миллион данаға жетіп, жалпы кітап қорының 41,7 пайызын құрап отыр.

Оқырмандар арасында ең көп сұранысқа ие бағыт – көркем әдебиет. Көркем шығармалар, тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы еңбектерге берілген кітаптардың саны 51,3 миллион дананы немесе барлық берілген басылымның 57,6 пайызын құрады.

Сондай-ақ жаңа түскен әдебиеттердің ішінде де осы бағыттағы кітаптар басым. Бір жылда кітапхана қорлары көркем әдебиет, тіл білімі және әдебиеттану саласындағы 577,7 мың жаңа басылыммен толыққан. Бұл барлық жаңа түсімнің 63,7 пайызына тең.

Көпшілік кітапханаларының негізгі оқырмандарының қатарында балалар мен жастар бар. Бүгінде кітапхана пайдаланушыларының ішінде 15 жасқа дейінгі 1,75 миллион бала, 1,38 миллион жас, сондай-ақ 2,4 миллион ересек оқырман тіркелген.

Өңірлер арасында кітап оқитын тұрғындардың үлесі бойынша Павлодар облысы көш бастап тұр. Мұнда тұрғындардың 47 пайызы кітапхана қызметін пайдаланады. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы – 45 пайыз, Батыс Қазақстан облысы – 42 пайыз көрсеткішпен орналасқан.

Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіштер көпшілік кітапханаларының мәдени-ағартушылық кеңістіктегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақ тіліндегі әдебиетке сұраныстың өсуі, көркем шығармалардың кеңінен оқылуы және балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығы елімізде оқу мәдениетінің нығайып келе жатқанын аңғартады.