Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерге қатысты талаптарды сақтау жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz. Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Министрлік түсіндіруінше, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толық жабатын киім киюге тыйым салынған. Мұндай киімдер адамның түрін көзбен тануға мүмкіндік бермесе, бұл құқық бұзушылық болып есептеледі.
Алайда бұл талап барлық жағдайға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда:
– ауа райына байланысты;
– медициналық себептермен;
– қызметтік міндет атқару кезінде;
– спорттық және мәдени шараларда бет жабуға рұқсат етіледі.
ІІМ мәліметінше, мұндай ережені алғаш бұзғандарға ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайта қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Қазіргі таңда осы бап бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Министрлік бұл талаптың діни немесе өзге де көзқарасқа емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Тыйым бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады. Азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз», – деп мәлімдеді ІІМ.