Қазақстанда мамыр айындағы инфляция 10,4%-ға жетті

Қазақстанда мамыр айындағы инфляция 10,4%-ға жетті
ашық дереккөз

Қазақстанда 2026 жылғы мамыр айында айлық инфляция деңгейі 0,7 пайызды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметінде айтылды, деп хабарлайды ult.kz.

Статистикаға сәйкес, бір ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 0,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6 пайызға, ал ақылы қызметтер 1,1 пайызға қымбаттаған.

Мамыр айында бірқатар көкөніс бағасы айтарлықтай арзандады. Атап айтқанда, қияр 25,4 пайызға, қызанақ 25,1 пайызға, тәтті бұрыш 8,3 пайызға, сарымсақ 3,1 пайызға, мандарин 2,6 пайызға және қызылша 2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар күнбағыс майы мен консервіленген жүгерінің бағасы да 0,4 пайызға арзандаған.

Ал қой еті 4,7 пайызға, сиыр бауыры мен майдағы шпроттар 3,3 пайызға, алма 3,1 пайызға, шұжық 1,7 пайызға, сүт 1,1 пайызға қымбаттаған. Жұмыртқа мен айран бағасы да өскен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында таба, ыдыс жуғыш машина, кітап және смартфон бағасы арзандаса, фотоаппарат, үтік, шаруашылық сабын және дәрі-дәрмек құны өскен.

Қызмет көрсету саласында балалар аттракциондары қызметі 6,6 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ көлік қызметтері мен автокөлік жуу қызметтерінің бағасы да өскені байқалады.

Жылдық көрсеткіш бойынша инфляция деңгейі 10,4 пайызды құрады. Бұл ретте азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7 пайызға, азық-түлік өнімдері 10,7 пайызға және ақылы қызметтер 8,7 пайызға қымбаттаған.

Өткен жылдың мамырымен салыстырғанда қияр, пияз, қызанақ, картоп, банан және күріш бағасы арзандаған. Керісінше, алма, мұздатылған балық, қара шай, макарон өнімдері мен қант бағасы өскен.

Сонымен қатар отандық жеңіл автокөліктердің бағасы бір жылда 17,9 пайызға төмендеген. Ал шаруашылық сабын, ерлер шалбары, кір жуғыш ұнтақ және тұрмыстық техника бағасы айтарлықтай қымбаттаған.

Қызмет көрсету секторында көлік қызметтері 11,1 пайызға, қонақүй қызметтері 10,3 пайызға, білім беру қызметтері 8,9 пайызға және мобильді байланыс қызметтері 7,6 пайызға қымбаттаған.

Айта кетейік, тұтыну бағалары индексі елдегі инфляция деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіш болып табылады. Ол ай сайын 537 түрлі тауар мен қызмет түрінің бағасын бақылау негізінде есептеледі.