Қазақстанда гуманоид роботтарды өндіру жобасы қолға алынады. Жоба робототехника, жасанды интеллект және өнеркәсіптік өндірісті біріктіріп, елдегі инженерлік және технологиялық құзыреттерді дамытуға бағытталған, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Астанадағы Alem.ai алаңында өткен Qazbot Robotics Forum барысында айтылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, технологиялық компаниялар мен сарапшылардың өкілдері қатысты.
Жоба гуманоид роботтар және Embodied AI саласындағы шешімдерді әзірлейтін халықаралық AgiBot компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Ынтымақтастық аясында технологияларды Қазақстанда локализациялау, инженерлік кадрларды даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және қажетті мамандарды оқыту жоспарланып отыр.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанның мақсаты – дайын технологияларды сатып алумен шектелмей, ел ішінде өзіндік инженерлік және ғылыми база қалыптастыру.
«Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс», – деді министр.
Қазір Қазақстанның жоғары оқу орындарында робототехника, мехатроника, өнеркәсіптік автоматтандыру, интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект бағыттары бойынша 56 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Жобаға Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) да қосылды. Институт гуманоид робототехника саласындағы ғылыми және жүйелік интеграциялық серіктес ретінде жұмыс істейді.
Тараптар инженерлік кадрлар даярлау, бейінді зертханалар ашу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және студенттер мен ғалымдарды гуманоид робототехника жобаларына тарту мәселелерін талқылады.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда гуманоид роботтарды әзірлеу мен өндірудің толық технологиялық тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жаңа инженерлік және ғылыми құзыреттерді дамыту көзделіп отыр.