Freedom Inside '26

Қазақстанда білім беру қызметтерінің көлемі 1,6 трлн теңгеден асты

Қазақстанда білім беру қызметтерінің көлемі 1,6 трлн теңгеден асты
ашық дереккөз

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы білім беру ұйымдары көрсеткен қызметтердің жалпы көлемі 1 трлн 606,6 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі – 82,2 пайызы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған. Ал халық қаражатының үлесі 16,1 пайыз болса, кәсіпорындар қаржысы 1,7 пайызды құраған, деп хабарлайды ult.kz.

Статистикаға сәйкес, білім беру саласындағы ең ірі қызмет көлемі негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарына тиесілі. Бұл бағытта 899,6 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп, жалпы көлемнің 56 пайызын қамтыған.

Екінші орында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы тұр. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 244,3 млрд теңгеге жеткен. Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 178,7 млрд теңгенің қызметін ұсынып, жалпы көлемнің 11,1 пайызын құрады.

Керісінше, ең төмен көрсеткіштер білім беру саласындағы қосалқы қызметтерде, көлік құралдарының жүргізушілерін даярлайтын ұйымдарда және орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінде тіркелген. Аталған бағыттардағы қызмет көлемі тиісінше 17,8 млрд теңге, 1,2 млрд теңге және 67,7 млн теңгені құрады.

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтердің 74,6 пайызы мемлекеттік меншік нысанындағы ұйымдарға тиесілі болса, 24,7 пайызы жекеменшік ұйымдар үлесіне келген. Шетелдік ұйымдардың үлесі небәрі 0,8 пайызды құрады.

Кәсіпорындардың көлеміне қарай қарағанда, ең көп қызметті шағын кәсіпорындар көрсеткен. Олардың үлесі 769 млрд теңгемен жалпы көлемнің 47,9 пайызына тең болды. Орта кәсіпорындар 595,3 млрд теңгенің қызметін көрсетсе, ірі кәсіпорындардың үлесі 242,3 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ есепті кезеңде білім беру ұйымдары интернет желісі арқылы 8,4 млрд теңгеге жуық қызмет көрсеткен. Бұл цифрлық білім беру қызметтеріне сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.