Қазақстанның бірқатар өңірінде алдағы күндері ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр мен қар жауады. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазгидромет» мәліметінше, Астанада 4 қазан күннің соңында және 5 қазанда тәулік бойы жауын-шашын, оның ішінде жаңбыр мен қар күтіледі. 4 қазанда күндіз оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20, кей уақытта 25 м/с-қа дейін жетеді. 5 қазанда жел 15-20 м/с болып, екпіні 23-28 м/с-қа, күндіз кей уақытта 30 м/с және одан да жоғары деңгейге жетуі ықтимал.
Елордада ауа температурасы да айтарлықтай төмендейді. 4 қазанда күндіз 8-10 градус жылы болса, 5 қазанда түнде 0-2, күндіз 3-5 градус жылы болады.
Осындай ауа райы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да күтіледі. Бұл өңірлерде 4-5 қазанда жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде қатты жауын-шашын болады. Желдің екпіні жекелеген аудандарда 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысында 3 қазанда жауын-шашын, оның ішінде жаңбыр мен қар жауады. Облыстың солтүстігінде күндіз қатты жауын-шашын күтіледі. 3-4 қазанда желдің жылдамдығы 15-20 м/с, ал кей жерлерде екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау облысында 3 қазанда тәулік бойы және 4 қазанға қараған түні жаңбыр мен қар жауады. 3-4 қазанда солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, 4 қазанда жекелеген аудандарда 25 м/с болады.
Ұлытау, Қарағанды және Павлодар облыстарында да 4-5 қазанда жел күшейіп, кей жерлерде екпіні 30 м/с және одан жоғары болуы мүмкін. Бұл өңірлерде ауа температурасы бірнеше градусқа төмендейді.
Алматы және Жетісу облыстарында 5 қазанда күндіз ауа температурасы 10-15 градусқа, таулы аудандарда 5 градус жылыға дейін күрт төмендейді.
Сонымен қатар 2 қазанда бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтіледі. Алматы, Шымкент, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және басқа да облыстарда өрт қаупі сақталады.
Метеорологтар ауа райының өзгеруіне байланысты бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялаған.