29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада алғаш рет «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді. Бұл – киберспортты, дәстүрлі спорт түрлерін және заманауи технологияларды бір арнаға тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық жарыс, деп хабарлайды ult.kz ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа сілтеме жасап.
«Болашақ ойындарының» басты ерекшелігі – биыл жарыстың клубтық форматта өтуі. Яғни мұнда ұлттық құрамалар емес, халықаралық клубтар бақ сынайды. Бір команданың құрамында әртүрлі мемлекеттердің спортшылары өнер көрсете алады. Ал фиджитал дисциплиналарда спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады», – деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Елімізде өтетін турнир аясында сегіз дисциплина бойынша жарыстар өтеді. Бүгінде 24 елден 400 жуық спортшы келді.
«Болашақ ойындары – 2026» турнирі аясында жарыстар 8 дисциплина бойынша өтеді: фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал жекпе-жек, фиджитал шутер, фиджитал би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds. Барлық жарыстар елордадағы төрт ірі спорт нысанында ұйымдастырылады: «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, BEELINE Arena Ұлттық теннис орталығында және «Барыс Аренада».
ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев бүгінде спорт нысандары жарыстарды қабылдауға толықтай дайын екенін атап өтті.
«Турнирдің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 млн 650 мың АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарының әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан жүлде қоры қарастырылған», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Киберспорт – бүгінде бүкіл әлемдегі ең танымал бағыттардың бірі, деді ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
«Болашақ ойындары» Қазақстанда киберспортты дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде киберспорт әлемнің 100-ден астам елінде қарқынды дамып келеді және Қазақстан да осы бағытта көшбасшы елдердің қатарынан көрінуге тиіс. Сондықтан біз «Болашақ ойындарын» өткізіп отырмыз. Қазіргі таңда киберспорт жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие. Бұл Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанды алдағы үш жылда цифрлық державаға айналдыру міндетін жүзеге асыруға да ықпал етеді. Сондықтан жастарды заманауи әрі қызықты форматтар арқылы тарту маңызды. Соның бірі – фиджитал ойындары», – деді спикер.