Freedom Inside '26

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластері салынады

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластері салынады
Gov.kz

Қазақстанда ауқымды жасанды интеллект кластерін салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ult.kz. 

Бұл бағыттағы өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, халықаралық Citi корпорациясы және Freedom Holding Corp қол қойды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде жасанды интеллектті дамытуға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.

«Бүгінде технологияны тек тұтынушы болу жеткіліксіз. Қазақстанның өз есептеу қуаты мен AI-шешімдерін әзірлеуге арналған мүмкіндіктері болуы қажет. Бұл меморандум әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластерін құру жолындағы маңызды қадам. Болашақта бұл алаң инвестициялар мен технологиялық компанияларды тартатын, ғылым, бизнес және мемлекет үшін маңызды инфрақұрылымға айналады», – деді министр.

Citi компаниясының мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі жаһандық басшысы Стефани фон Фридебург бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетіп, мемлекеттік институттар, бизнес және ғылыми қауымдастық үшін жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ал Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов меморандум Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық бағытының нақты көрінісі екенін айтты.

Оның сөзінше, компанияның NVIDIA және OpenAI секілді жетекші халықаралық технологиялық ұйымдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар және бұл сараптама жаңа жобаны жүзеге асыруда пайдаланылатын болады.

Жоба аясында заманауи GPU-технологияларымен жабдықталған жасанды интеллект кластері мен мемлекеттік сектор, ғылым және бизнеске қызмет көрсететін деректерді өңдеу орталығын салу көзделген.

Бұдан бөлек, тараптар Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесін дамыту, цифрлық банкинг пен трансшекаралық есеп айырысу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ қаржы нарығында ашықтық пен қолжетімділікті арттыратын блокчейн технологияларын енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.