Қазақстанда адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмыс тіркелді

Қазақстанда адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмыс тіркелді
ашық дереккөз

30 шілдеде аталып өтетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы күрес нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Үшінші басқармасының бастығы Самат Құсетовтің айтуынша, жыл басынан бері полиция адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмысты анықтап, екі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметін тоқтатқан.

Оның сөзінше, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде мәжбүрлі еңбекке тарту, сексуалдық қанау, қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты адам саудасының барлық түрлері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу үшін жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар ІІМ мәліметінше, Қазақстан аумағында азаматтарды интернет-алаяқтық жасауға мәжбүрлеу фактілері тіркелмеген. Алайда шетелде қазақстандықтарды осындай қылмыстарға арбап тарту жағдайлары кездескен.

Бұдан бөлек, жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жай беру және жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету деректерінің жолын кесу жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта 700-ден астам әкімшілік іс тіркеліп, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 213 млн теңгеден астам айыппұл салынған.