Қазақстан жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруға тиіс

Қазақстан жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруға тиіс
ЖИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика қалыптастыру қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жалғастырып, Үкіметті, ұлттық компаниялар мен креативті индустрия өкілдерін ортақ іске белсенді атсалысуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Президенттің айтуынша, биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында озық технологияларға негізделген мемлекет құруға серпін берілді. Ендігі міндет – осы бастамаларды жалғастырып, экономиканың жаңа моделін қалыптастыру.

«Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа дәуірдің талаптарына сай даму үшін ескірген тәсілдерден арылып, қоғам дамуының жаңа негізін қалыптастыру керектігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – болашақ ұрпақтың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді жалпыұлттық міндет.

«Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық дәуірдің күрделі әрі түрлі қауіп-қатерге толы болуына қарамастан, елдің стратегиялық мақсаты өзгермейтінін жеткізді.

«Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.